ТМД Экономикалық Сотының түсіндірмесі қалай қабылданды?
IPLC кеңесшісі және осы іс бойынша судья Нурлан Сұлтанов негізгі қорытындыларды түсіндіреді
2025 жылғы 29 қазанда Минск қаласындағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының ғимаратында ТМД Экономикалық Соты Судьялар палатасының отырысы жалғасты. Отырыста ТМД Атқару комитетінің 2002 жылғы 10 қыркүйектегі № 01-1/2-02 Консультативтік қорытындысының қарар бөлігінің 4-тармағын түсіндіру туралы өтініші қаралды.
ТМД Экономикалық Сотының Палатасы – төрағалық етуші судья Чаргынова Т.Т. (Қырғыз Республикасы), судья-баяндамашы Сұлтанов Н.К. (Қазақстан Республикасы) және судья Аминзода З.Т. (Тәжікстан Республикасы) құрамында, сот отырысының хатшысы Равич А.В. қатысуымен – істі ауызша рәсім тәртібімен ашық сот отырысында қарап, 1993 жылғы 24 қыркүйектегі Тауарлардың шығу тегін айқындау қағидаларының (18 қазан 1996 жылғы редакция) 9-тармасын түсіндіруге қатысты Консультативтік қорытындының 4-тармағына түсіндірме беру мәселесі бойынша тиісті ұйғарым шығарды.
1994 жылғы Еркін сауда аймағын құру туралы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өзара қатынастарындағы тарифтік преференциялар құқықтық табиғаты: 2025 жылғы 29 қазандағы ТМД Экономикалық Соты түсіндірмесінің талдауы
2025 жылғы 29 қазанда ТМД Экономикалық Соты қабылдаған түсіндірме – ТМД шеңберіндегі еркін сауда режимін реттейтін халықаралық шарттарға ресми түсінік беретін маңызды акт болып табылады. Түсіндірме ТМД Атқару комитетінің өтініші негізінде қабылданды; өтініште 1994 жылғы Еркін сауда аймағын құру туралы Келісімге қатысушы емес үшінші тұлғаның (СНД резиденті емес) Түрікменстанда өндірілген тауарды жеткізуге байланысты шаруашылық операцияға қатысуының құқықтық мәні туралы сұрақ қойылған.
Мәселе нақты кедендік жағдайдан туындады: Беларусь Республикасы резиденті Түрікменстанда толық өндірілген тауарды импорттаған, алайда шарт бойынша төлем Польшаның компаниясына аударылуы тиіс болған. Ол компания мәміленің сатушысы да, сатып алушысы да, тауардың меншік иесі де емес еді. Беларусь кеден органы төлем міндеттемесінің ТМД-ға қатысушы мемлекет резиденті емес тұлғаға бағытталуы жағдайында 1994 жылғы Келісімде көзделген тарифтік преференцияларды қолданудың заңдылығына күмән келтірді.
Экономикалық Сот өз түсіндірмесін халықаралық шарттарды түсіндірудің жалпы қағидаларын айқындайтын 1969 жылғы Вена конвенциясының нормаларына сүйене отырып құрды. Атап айтқанда, Сот келісімнің мазмұнын, контекстін, мақсаты мен объектісін, сондай-ақ оның қолданылу практикасын ескерудің қажеттілігіне мән берді. Сонымен қатар Сот Конвенцияның 26, 30 және 34-баптарына жүгінді; бұл баптар халықаралық міндеттемелерді адал орындау қағидасын, бірізді жасалған шарттардың арақатынасын және үшінші мемлекеттерге міндет жүктеуге жол берілмейтінін реттейді.
Талдаудың негізгі элементі – 1993 жылғы Тауарлардың шығу тегін айқындау қағидаларының құқықтық мәртебесін айқындау болды. Бұл Қағидалар 1994 жылғы Келісімнің құрамына енгізілген және оның шарттық-құқықтық негізін құрайды. Сот Қағидалардың 2009 жылғы Келісімге немесе 2011 жылғы Еркін сауда аймағы туралы Шартқа қосылмаған мемлекеттер арасындағы қатынастарда қолданылуын жалғастырып отырғанын растады.
Сот Түрікменстанның мәртебесіне ерекше назар аударды. Түрікменстан 1994 жылғы Келісімге қол қойғанымен, оны ратификацияламағаны белгілі. Алайда Түрікменстан ұзақ уақыт бойы Келісім ережелерін уақытша қолдануда, ал ТМД мемлекеттері мұндай тәртіпке қарсылық білдірмеген. Сот бұл жағдайды құқықтық маңызы бар үнсіз келісім (tacit consent) ретінде бағалады. Осы негізде Экономикалық Сот 1994 жылғы Келісімнің, оған қоса 1993 жылғы Қағидалардың, кейінгі шарттарға (2009 және 2011 жылдар) қатыспайтын Түрікменстан үшін қолданыста қалатынын растады. Бұл қорытынды Вена конвенциясының 26 және 30-баптарының өзара байланысына сүйенді: кейінгі шарттар тек екі шартқа да қатысушы мемлекеттер арасындағы қатынастарда ғана бұрынғы шарттың күшін жояды.
Сотқа түсіндіру үшін қойылған негізгі құқықтық сұрақ – сатып алушының ақшалай қаражатты ТМД резиденті емес үшінші тұлғаға аударуы тарифтік преференцияларды қолдануға әсер ете ме деген мәселе болды. Экономикалық Сот мұндай фактор тауардың шығу тегі критерийлеріне әсер етпейтінін, 1993 жылғы Қағидаларда реттелмейтінін және еркін сауда режимін айқындауда құқықтық мәнге ие жағдайлар қатарына жатпайтынын анықтады. Тарифтік преференцияларға құқық тек тауардың шығу тегі талаптарының сақталуына, келісім тараптарының мәртебесіне және жеткізу бағытына байланысты. Өндіруші мен импорттаушы арасындағы тікелей шаруашылық байланыс міндетті емес; сондай-ақ төлемді орындау тізбегіне үшінші тұлғаның қатысуы да шешуші емес.
Сот халықаралық жеке құқық — соның ішінде Халықаралық коммерциялық шарттардың УНИДРУА қағидаттары мен ақша талаптарын беру саласындағы модельдік актілер — агенттік, факторинг, талапты беру сияқты кең ауқымды делдалдық және қамтамасыз ету тетіктерін қолдануға жол беретінін атап өтті. Бұл құқықтық құрылымдар кедендік режимдерге бейтарап, өйткені тауардың шығу тегін де, сыртқы сауда операциясына қатысушылардың мәртебесін де өзгертпейді.
Осылайша, Сот сату-сатып алу шарты тараптары болып табылмайтын және тауар айналымына қатыспайтын үшінші тұлғаның қатысуы 1994 жылғы Келісімде көзделген тарифтік преференцияларды қолдануға кедергі келтірмейді деген қорытындыға келді. Мұндай қатысу тауардың шығу тегін айқындауға әсер етпейді және еркін сауда режимінің мақсаттарына қайшы келмейді. Маңызды шарттар: сатушы мен сатып алушы 1994 жылғы Келісімге қатысушы мемлекеттердің резиденттері болуы және тауар 1993 жылғы Қағидаларға сәйкес тиісті мемлекеттің аумағында өндіріліп, сол аумақтан әкетілуі қажет.
Сонымен бірге Экономикалық Сот өз түсіндірмесінің қолданылу аясын 1994 жылғы Келісіммен шектеді. 2009 жылғы Келісім мен 2011 жылғы Шарттың құқықтық режиміне өткен мемлекеттер арасындағы қатынастарда бұл түсіндірме қолданылмайды, өйткені сол актілерде тарифтік преференциялар мен шығу тегін айқындаудың нормативтік негіздері өзгеше. Сот Атқару комитетіне 2009 жылғы Қағидаларға қатысты жеке түсіндірме алу үшін бөлек өтініш жасауға кеңес берді.
Берілген түсіндірменің құқықтық маңызы — ТМД шеңберіндегі шарттар қайшылығын реттеу режимін жүйелеу және нақтылау, сондай-ақ төлемдерді бөлуге арналған коммерциялық тетіктер тарифтік преференцияларды берудің критерийлеріне әсер етпейтінін растау болып табылады. Түсіндірме Соттың Вена конвенциясын жүйелі қолдану тәсілін көрсетеді және ТМД-ның халықаралық шарттарын түсіндіру бойынша белгілі бір «прецеденттік» практиканы қалыптастырады; бұл мүше мемлекеттердегі құқықты қолдану үшін айтарлықтай маңызды.
Қосымша ақпарат мына мекенжайда қолжетімді: https://sudsng.org/news/court-news/29-oktyabrya-2025-goda-sostoyalos-sudebnoe-zasedanie-palaty-sudey-ekonomicheskogo-suda-sng-po-vopros/
